Жиырма бес
Қас-қағым ғұмыр сәні ғой,
Жеткізсең деуші ем, жиырма бес.
Өткізсем деуші ем өкінбей.
Кетпендей кезім бұл менің кетсем деуші едім кетілмей,
Көктемдей кезім бұл менің көгімнің әрін кетірмей,
Қанымнан менің бу шығып, отты ойлап жүрген кезімде
Махаббаттарға құлшынып көп тойлап жүрген кезімде
Қолыма менің түссе деп қызығушы едім өзіңе.
Қапталымды орап барасың бір уыс шаңдай бір құйын,
Ұстасам ұшпақ шығарсың, ұстай алмасам – тым қиын.
Ауада қалқып, нау балқып, назданып жүрген үнсің бе,
Айналам менің ыңғай ән, айналам менің ылғи үн.
Бір уыс шаңдай құйыным, бұйрық та бізге бір рет,
Айдау жол – дүние, соны сен сонырқап тағы жүріп өт.
Уысына симай талайдың у болып тиген уыс шаң,
Сені ұстаймыз деп сандалдық, сандалтып қойған құдірет.
Жиырма бестердің көзі қан, таниды дейсің кімді-кім,
Әмәнда болған асаулар танытпақ дүлей дүрлігін.
Ақ орда болған қашанда ақынның жиырма бестері –
Аңыз боп қалған солардың түре бір желпіп түңдігін.
1970 ж.