Жағалаудан жас ұшқан
* * *
Жағалаудан жас ұшқан қарлығашпын,
Жылы ұядан енді мен табылмаспын.
Қайта айналып келмейтін қаперсіз күн,
Сені аңсаудан өлгенше арылмаспын.
Алғашқы рет және де ақтық рет,
Бақытты боп жалғыз сәт соқты жүрек.
Сол бақыттан жүрегім жарылардай,
Ұшып едім көңілім көкті тілеп.
Арман болған кеңістік көз талдырып,
Арандаған баяғы аз қалды үміт.
Бұлттан бергі аспанның ауасы да
Келе жатыр ауытқып, қозғалдырып.
Жазғытұрым оралып жағалауға,
Ұя басып ұрпаққа салам аула.
Балапаным бақытты болған сәтте,
Ұшырмауға жүрегім дауалар ма?
Ұша-ұша қанатым талып жүріп,
Мехнатын ұшудың танып жүріп,
Ұшырам да жіберем ұясынан
Шалғайын аспанның сабылдырып.
Қарау құсқа бір рет тіс қайрасақ,
Қосылмайды сорпамыз үш қайнасақ.
Балапандар ойлайды-ау, қалар ек деп
Бақытты боп ұядан ұшпай қалсақ.
25.05.69 ж.