Бұлттан шыққан …
* * *
Бұлттан шыққан күннің пейілі –
Сан мың сәуленің сейілі.
Сағыз бұлттарды шайнап қойды аспан,
Ақық нұрлармен біте қайнасқан
Аймақ аяғын созып жайғасқан.
Бұлттар жел қуған жөңкіліп кетті алыс,
Жолай жауады жаңбыр боп кек намыс.
Анау ақ бұлттар – тулап түсетін найзағай
Немесе ашудан атылған ақ барыс.
Туған төбеге төге алмай кеткен соң
Атылып майып болу да – мақтаныш!
Сорғалап барады сонау қапталға – шаң құшпай,
Сонша зәбір көрсе де запыран, қан құспай.
Біздің ауылдың үстінен үйіріліп кеткен тасқанға
Сонау бейтаныс қырдың астында
Біреулер арқасын тосады сорғыштай.
1969 ж.