Алатау
Алатау бөктері
Толған алма ағаш.
Алатау көктемі
Ылғи қарбалас.
Алатау бұлағы
Бұйра, бұла су.
Алатау шынары
Әрқайсы бір асу.
Алатау нөсері –
Наркескен найзағай.
Шалғыны өседі
Судырлап ғажап-ай…
Самалы еседі
Сергек желпініп.
Сау желіп көшеді
Бұлттары жөңкіліп.
Маңғаз шыңдардың
Мақпал шапаны –
Мойыл нулары
Ойға батады.
Ойға батады
Алып тұлғамен
Тулап жатады
Сулар жылғамен.
Шыңдары мәңгілік
Шөкпейтін ақ отау.
Саф ауа сандығы –
Алатау, Алатау!
4.08.73 ж.