Алшақ кеткен әудем көңілің
Алшақ кеткен әудем көңілің,
Әлде бізде ой жоқ па?
Аңсап өтер сәулем менің,
Сіздің ауыл қай жақта?
Сіздің ауыл шалғай кеткен,
Қонақ кәде алмай ма?
Қандай қыс пен қандай көктем
Бұйырды екен маңдайға.
Сіздің ауыл аспанында
Әлде жаңбыр, әлде қар.
Қалың тұман қас-қағымда
Түсті ме екен, жолды орар.
Сіздің ауыл ат байлай ма
Белдеуіне боз үйдің.
Бойжеткендер қатты ойнай ма
Қыбын тауып сезімнің.
Ауылыңды сұрай-сұрай,
Елден естіп тапқасын.
Білдіріп кеп ұяң шырай,
Байла, қалқам, ат басын.
Сәті түсіп, жол болмаса –
Ата-енеңнен именіп,
Жұрттан бұрын, ең болмаса,
Көрпеше сал үйге еніп.
… Алшақ кеткен әудем көңілің,
Әлде бізде ой жоқ па!
Аңсап өтер сәулем менің,
Сіздің ауыл қай жақта?!.
1968 ж.