Ағама
Сен екеуміз бір құрсақтан тусақ та,
Бақыт, қайғы бөлек бізде бұл шақта.
Астанадан кете алмаймын мен кәзір,
Көңіл шіркін жүйткігенмен мың саққа.
Қара шыңырақ әкеміздің қосы бар,
Шаруа жайлап жүрер ем мен, несі бар.
Мен ешкімнен кем бақпас ем малды да,
Он саусағым епсектігін есіңе ал.
Шаруа баққан біздің әулет тірлігі,
Қайғысы да, қапасы да, бір мұңы.
Мен туғанда ақын күтпеген болар
Туған жерден кетіп қалар бір күні.
Көңіліме күдік алып, күмән ап,
Жүрдім мен де кейде өзімді кінәлап.
Мен қайтейін, жүре алмаймын жазбасам,
Жүрегімде сыздайтындай сына қап.
Мен арқалар жүктен әлі арылмау,
Саған да, аға, қанша айтқанмен ауырлау.
Маған да, аға, оңай емес қайтейін,
Бір халықтың қайғы-мұңын қабылдау.
27.06.70 ж.