Ясунари Кавабата

Құралай Жұмахан: Армысыздар ардақты әлеумет! Әуе толқынында Қазақ радиосының хабарлары. Микрафон алдында –Құралай Жұмахан. Енді радиомызға құлақ түріп отырған тыңдаушыларымыздың назарына «Шетел әдебиеті» бағдарламамыздың кезекті хабарын ұсынамыз. Бұл жолғы хабарымыздан сіздер жапон әдебиетінің аса көрнекті өкілі Ясунари Кавабатының өмірі мен шығармашылығы туралы дайындаған хабарамызды тыңдай аласыздар. Қазақ радиосының арнасынан алыстап кетпеңіздер ардақты ағайын.
Әңгімемізге арқау болып отырған Ясунари Кавабата Нобель сыйлығын ең алғаш алған жапон жазушысы екен. Осыған дейінгі жапон өнерінің көрнекті өкілдері туралы дайындаған хабарларымызда сіз Юкио Мисима, Кобэ Абэ және Дзюньитиро Танидзакилердің әдебиет саласындағы осы үлкен марапатқа қол жеткізе алмағанын тілге тиек еткен едіңіз. Швед Академиясының басқаларға емес, Ясунари Кавабатаға бүйрегінің бұруын немен түсіндіруге болады?
Амангелді Кеңшілікұлы: Менің ойымша кез келген ұлы ақынның немесе жазушының шығармашылық талантын Нобель сыйлығымен өлшеуге болмайды. Өйткені осы әлемдік деңгейдегі ұлы марапаттың саяси себепке байланысты берілген кездері көп. Өте көп.
Алайда Ясунари Кавабатаға осы мәртебелі сыйлық әділетті берілді деп есептеймін. Бұл тек жалғыз жазушының шығармашылығына ғана емес, сұлулықтан жаратылған, сан ғасырлық дәстүрі бар жапон әдебиетіне берілген баға, көрсетілген ұлы құрмет еді.
Нобель сыйлығын алғандағы дәрісін Кавабата «Жапон сұлулығынан нұрланған жырлар» деп атады. Басқа жазушыларға қарағанда оның туындыларында жапон рухының тереңдігі, жан әлемінің сұлулығы айрықша көрініс тапты.
Жапон өнерінің ерекшелігін білмейтін оқырман Кавабата шығармашылығын түсінбеуі де мүмкін. Шығыс пен Батыс өнерінің білгірі, профессор Ясиро Юкио бірде жапон өнерінің ерекшелігін өлең іспетті бір ғана жолмен түсіндіруге болады деген екен.
Міне сондықтан да дзэн-буддизм өнерінің не екенінен хабары бар адам ғана Кавабата шығармашылығына бойлай алады. .
Құралай Жұмахан: Ендеше сол дзэн-буддизмнің не екенін түсіндіре кетпейсіз бе?
Амангелді Кеңшілікұлы: Будда секталарының екіге бөлінетіндігі аян. Бірі адам жандүниесіне көмекті сырттан күтсе, екіншісі, адамның өз рухының талпынысы арқылы жол табуға, хақиқатқа жетуге болады деп ойлайды. Жапондар ұстанатын дээн-буддизм осы екінші жолды дәріптейді.
Жапон мықтылығының бір құпия сыры осында. Оның өз қолынан шыққан әрбір дүниеге барынша әдемілік беруге тырысады да өмірдің әрбір қас-қағым сәтін бағалауға үйретеді. Жапон қолынан шыққан әрбір дүние –жапон рухының көрінісі.
Әңгімемізге қайтып оралатын болсақ, Кавабатаның повестерінде оқырманды еліктіріп әкететін шытырман оқиға да, драмалық оқиға да жоқ. Бірақ онда дүниенің тылсым сырына үңілдіріп одан ләззат алғызатын, бұрын-соңды байқалмай келген елеусіз нәрсеге оқырман назарын аудартқыза білетін бір жұмбақ құдірет бар. Сұлулықтан жаратылған ол туындыларды оқығаныңда жан сарайың тазарып, адамға еркіндік рухын сыйлайтын әдемі музыканы тыңдағандай әсер аласың.
Ол жазған шығармаларында қандай да бір оқиғаны тұтқынға алып, сол төңіректе ғана әңгіме қозғауды мұрат етпейді. Оқиғаның табиғи жолмен өрбуіне еркіндік береді.
Кавабатаның туындыларын тәржімалаған аудармашылар оның жазған дүниелерінің басты ерекшелігі тіл байлығының молдығында және жапон халқының дүниетанымын білетін адам ғана Кавабата шығармашылығынан жарқыраған сұлулықтың бағасын бере алатынын айтады.
Кавабата шығармашылығының концепциясы –сұлулық. Ол сұлулыққа жанасу арқылы ғана әлемді құтқарып қалуға болады деп ойлады. Сұлулықты қадірлейтін және оны түсінетін оқырман ғана Кавабата туындыларының бағасын біледі. «Менің бүкіл өмірім –сұлулықты іздеу, және мен оны соңғы демім таусылғанша іздейтін боламын» деп жазған еді ол.
Кавабата мемлекеттің тағдыры оның күштілігіне емес, халықтың рухани әлемінің сұлулығына байланысты болады деп есептеді. Жазушының бұл айтқан сөздерінің жаны бар. Өз басым жапон халқының рухының мықтылығын олардың жан әлемінің сұлулығымен байланыстырамын.
Әрине, басқа дәстүрде тәрбиеленген, анықтыққа, нақтылыққа, әдемі құрылған сюжетке үйреніп қалғандардың Кавабата шығармаларын түсінуе алмауы әбден мүмкін. Ол үшін жанның ерекше құрылымы қажет.
Құралай Жұмахан: Кавабатаның шығармашылығы жайлы біраз мағұлымат алдық, енді жазушының өмірі туралы әңгімелеп берсеңіз?
Амангелді Кеңшілікұлы: Ұлы жазушы 1899 жылы Осака қаласында дәрігердің отбасында дүниеге келді. Төрт жасында әке-шешесінен айырылып жетім қалды. Ал жеті жасқа толғанда әжесі, ал 15 жасқа толғанда атасы да дүние салды. Тұл жетім болып қалған жазушы шешесінің туыстары, яғни нағашыларының қолында тәрбиеленді. Мектепті, кейін Токиолық император университетінің қарамағындағы жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң әдеби журналда жұмыс істеп, Кана Кикути және тағы да басқа танымал жазушылардың назарына ілігеді. Ол тек көркем әдебиетпен ғана шұғылданған жоқ, сонымен қатар газетте тілші болып та жұмыс істеді. Саясаттан іргесін аулақ салып таза шығармашылықпен ғана айналысты. Университетте оқып жүріп «Жаңа толқын» деген әдеби журналды шығарып, тырнақалды туындылары осы басылымда жарияланып тұрды.
1924 жылы Кавабата әдебиеттегі достарымен бірге «Әдебиет дәуірі» деген журнал ашады. Басылымның маңайына топталғандар натурализм мектебінің ықпалымен дүниеге келген жапон әдебиетінің ескі мектебінен бас тартып, өнерде жаңа жол іздеді. Жас жазушылар «өнер –өнер үшін» деген қағиданы берік ұстанып, еуропалық куббизм, экспрессионизм және тағы да басқа модернистік ағымның ықпалында болды.
Дегенмен, Кавабатаның жазушылық таланты университетті тәмамдап, бірнеше әңгімелері жарық көргеннен кейін ғана мойындала бастады. Әсіресе, «Идзудан шыққан биші» деген повесінен кейін ол Жапониядағы ең танымал жазушылардың біріне айналды. Бұл повесте уайымшыл студенттің Идзу түбегіне жаяу саяхат жасап, биші қызды кездестіріп Токиоға жақсы көңіл-күймен оралғаны жайлы баяндалады.
1920 жылдары Кавабата Токионың плебейлер өмір сүретін Асакуса аймағында тұрады. Сол жылдары ол шығарма жазу техникасының түрлі стилдерін ойластыра бастайды.
Дей тұрсақ та Кавабатаның есімін әлемге әйгілі еткен шығармасы «Қарлы өлке» романы болды. Осы роман жарық көргеннен соң ол Жапониядағы ең ұлы жазушылардың бірі ретінде атала бастады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жазылған «Мың қанатты тырна», «Таудың күрсінісі», «Ұйқыдағы арулар» және тағы басқа туындылары жарық көріп, ол шығармалар жапондардың ғана емес, әлем оқырмандарының да қызығушылығын туғызып, 1968 жылы Ясунари Кавабатаға әлемдік әдебиет саласындағы ең ұлы марапат Нобель сыйлығы берілді.
Құралай Жұмахан: Алайда Нобель сыйлығын алған соң бірнеше жылдан кейін Кавабата өзіне-өзі қол салып, газға уланып өлкен екен. Әлем мойындаған жазушының өмірден дәл осындай өкінішті жағдайда өтуін немен түсіндіруге болады?
Амангелді Кеңшілікұлы: Расында да бұл өте жұмбақ жағдай. Өйткені Кавабата Нобель сыйлығын алып тұрып «бұл өмір қаншалықты ауыр болсын, өзіне-өзі қол салу сананың нұрлануына алып келмейді. Менде Акутагаваға да, соғыстан кейін өзіне-өзі қол салған Дадзай Осамуға (1909-1948) да не аяушылық, не жанашарлық сезімі жоқ. Менің авангардист-суретші досым болды. Ол да жас кетті және өзін-өзі өлтіру туралы көп ойлайтын. Өзін-өзі өлтіру рух мықтылығының белгісі емес» деген болатын. Кавабатаның бұл қадамын жазушының соңғы күндеріне куәгер болған кейбіреулер «Кавабата өз дарынының Мисимадан төмен екенін білетін, бұған дейін Нобель сыйлығына тек Мисима лайық деп келген ол өз ары мен ұятының құрбаны» деп те түсіндіреді. Тіпті біреулер өлерінің алдында Кавабатаның түсіне Юкио Мисиманың жиі-жиі кіргенін айтады.
Құралай Жұмахан: Өкініше қарай, бізге берілген уақыт тәмамдалып қалды. Құрметті радиотыңдаушылар. Сіздер белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлымен жүргізген сұхбатымыздан жапон әдебиетінің көрнекті өкілі, Нобель сыйлығының лауреаты Ясунари Кавабатының өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімемізді тыңдадыңыздар. Сұхбатты жүргізген –Құралай Жұмахан. Әуенмен әрлеген –Қайсар Ердеш. Әуе толқынында келесі тілдескенше аман-сау болыңыздар ардақты ағайын.