Виктор Гюго

Құралай Жұмахан: Армысыздар ардақты әлеумет. Әуе толқынында «Шалқар» радиосы. Микрафон алдында –Құралай Жұмахан. Енді сіздерді «Шетел әдебиеті» бағдарламамыздың кезекті хабарын тыңдауға шақырамыз. Белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлымен жүргізетін бүгінгі сұхбатымыздан сіздер француздардың ұлы ақыны, әрі жазушысы Виктор Гюгоның өмірі мен шығармашылығы жайлы дайындаған хабарымызды тыңдай аласыздар.
Виктор Гюго сөз өнерінің екі саласы поэзия мен прозада биік белеске көтерілген кемеңгер. Франция елінің әрі ұлы ақыны, әрі ұлы жазушысы болып табылатын Гюгоның қай саладағы еңбегін сіз жоғары бағалар едіңіз. Өлеңдерін бе, әлде қара сөздерін бе?
Амангелді Кеңшілікұлы:Проза мен поэзиялық туындыларын айтпағанда Гюгоның француз драмматургиясының негізін қалаған қаламгер екенін де естен шығармаңыз. Публицистикалық дүниелерінің өзі бір төбе болады. Жазған шығармаларының графикалық суретін салып, өнердің бұл саласында да зор табысқа жеткенін ұмытпаңыз. Оның үстіне Гюгоның ел тағдырына белсене араласқан саясаткер болғанын да жақсы білеміз. Өз басым шығармашылық адамы саясаттан аулақ болуы тиіс деген ұстанымды қабылдай алмаймын. Шын мағынасындағы ұлы таланттардың бәрі Фирдоуси, Саади, Данте, Байрон, Пушкин мен Лермонтов, Шевченко, Мицкевич, Гоголь мен Белинский, Толстой мен Достоевский, Махамбет пен Абайлар саясатқа белсене араласқан.
Бұл жайлы ұзақ әңгімелеуге болады, бірақ тақырыбымыздан ауытқымай қойған сауалыңызға нақты жауап беруге тырысып көрейін.
Гюго – ең алдымен француздардың ұлы ақыны. Біздің Абайымыз сияқты француз өлеңіне түбегейлі өзгеріс жасаған реформатор-ақын. Дей тұрғанмен поэзиясымен таныс болғаныммен Гюгоның ол саладағы француз әдебиетіндегі алатын орны туралы аса көп әңгіме айтқым келмей тұр. Өйткені француздар Гюгоға өз елінің ең ұлы ұлттық ақын ретіндегі бағасын баяғыда беріп қойған. Ендеше мен бұл жайлы француздардан асырып не айта алуым мүмкін? Бұл бір.
Екіншіден өз басым кез-келген халықтың қаны сорғалаған ұлттық поэзиясының басқа бір елдің тіліне нәзік иірімдерін сақтап, дәл сол күйде аударыла алатынына күманмен қараймын. Ұлттың ұлы ақындарының өлеңдерінің мықтылығы сонда –аударылмайтындығында.
Құралай Жұмахан: Олай болса Гюгоның прозалық туындылары жайлы айта отырсаңыз. Әрине, барлығы болмаса да оның ең негізгі қандай шығармасын ерекше атап өтер едіңіз?
Амангелді Кеңшілікұлы: Жақсы, онда мен оның шығармашылық әлемінде ерекше орын алатын үш туындысына «Өлім жазасына кесілгеннің соңғы күні» повесі мен «Париж Құдай-Ананың шіркеуі» романы мен «Аласталғандар» атты үш кітаптан тұратын роман-триллогиясына тоқтала кетейін.
«Өлім жазасына кесілгеннің соңғы күні» – Гюгоның шын мағынасындағы азаматтық ұстанымын танытқан туынды. Бұл шығарма 1829 жылдың 7 ақпанында жарық көріп, ол одан француз ұлтын қорлаудың сипатын көрген кертаратпа басылымдардың наразылығын туғызды. Шындығында да бұл повестің әлеуметтік маңызы зор. Тұңғыш рет Гюго өлім жазасына кесілген адамның тағдыры арқылы қоғамның көзқарасын өзгертуге мұрындық болған дүние жазып, гуманизмнің туын биік көтерді. Жазушының қоғамдағы заңдастырылған қаталдыққа қарсы шыққан ерлігін Достоевский сияқты ұлы жазушылар мен Белинский сынды ұлы сыншылар өз уақытында жоғары бағалаған. Гюгоның өзі бұл шығармасын адамның ішкі қайшылығын суреттейтін «аналитикалық роман» деп атағанымен, оның астарында әлеуметтік маңызы зор мақсат жатты. Өлім жазасына қарсы ой шығармада гумманистік сипатта жазылғанымен, бәрібір одан сол уақыттағы қоғамдағы әділетсіздікке қарсы бүліктің рухын сезбеу мүмкін емес. .
Гюгоның «Париж Құдай-Ананың шіркеуі» романын жазуды ең алғаш қашан ойға алғанын айту қиын. Бірақ шығарманы оқып шыққанымда ондағы сюжет пен тақырыптың ұзақ жылдар бойы ұлы жазушының ой қазанында қайнап келгенін байқағандай әсер алдым. Ең алғаш рет мұндай романды бастау жазушының ойына 1823 жылы келуі ықтимал деп пайымдаймын. Олай дейтін себебім, дәл сол жылдары Вальтер Скоттың ХV ғасырдағы Францияның тыныс-тіршілігі бейнеленген «Квентин Дорвард» романы жарық көрді. Сол жылы «Француз музасы» журналында жарияланған мақаласында жас Гюго ол жөнінде көлемді мақала жазып, Вальтер Скоттың «Квентин Дорвардын» талдап қоюмен ғана шектелмей, тарихы романға байланысты көзқарасын да білдіре кеткен болатын. Міне осы мақаласында Виктор Гюго былай деп жазды: «Вальтер Скоттың көркем туындысынан кейін, біздің ойымызша басқа жанрда одан да көрікті әрі түйіні тарқатылған дүние жазудың уақыты пісіп-жетті. Бұл бір жағынан көркем тілмен жазылған роман, драма және эпопея және сонымен қатар поэтикалық, шынайы және сонымен бірге шыншыл, Вальтер Скоттың шығармашылық құдіретін Гомердің ұлылығына дейін көтеретін дүние болуы тиіс». Осы айтқан сөздерінен-ақ «Париж Құдай-Ананың шіркеуі» романын жазар алдындағы Гюгоның көңіл-күйінің қалай тербеліп, ой-ағысының қалай шалқығанын бағамдау қиын емес. Бірақ Гюгоның шығарма жазудағы тәсілі Вальтер Скоттан мүлде бөлек және ол роман жазу шеберлігін бұрынғыдан да биік белеске көтеріп, кемелдендіріп кетті.
Құралай Жұмахан: Яғни, сіз ұстазынан шәкірті озды дегенді айтқыңыз келіп тұр ғой, шамасы.
Амангелді Кеңшілікұлы: Ойымдағыны дәл таптыңыз, Құралай! Орыстың ұлы сыншысы Белинскийдің өзі «Әдебиеттің Колумбы» деп бағалаған Вальтер Скоттың әлемдік прозадағы алатын орнын ешкім де жоққа шығара алмайды. Дей тұрсақ та Вальтер Скоттың роман жазудағы шеберлігінің Гюгодан әлдеқайда төмен тұрғанын мойындауымыз қажет.
Ия, рас, Вальтер Скотт – тарихи оқиғалардың терең сарапшысы, дәуірдің типтік характерлерін суреттеудің қас шебері; бірақ ол дәстүрлі-романтикалық бейнелерді дәл Гюго сияқты жеріне жеткізіп сипаттай алмайды. Вальтер Скоттан айырмашылығы романист Гюго тарихи дәуірдің қозғаушы күштері туралы қандай да бір түсінік бермейді, басты кейіпкерлерінің тағдыры тарихи процестердің мән-мағынасын ашпайды. Гюго ондайды еш уақытта алдына мақсат етіп қоймаған. 1868 жылы жазған бір хатында жазушы «мен еш уақытта да тарихи драма мен тарихи роман жазуға ұмтылған емеспін» деп ағынан ақтарылыпты. Ол тарихты барлық уақыт үшін де маңызды болып табылатын ізгілік пен зұлымдық, махаббат пен қатыгездік сияқты жалпыдамзаттық құндылықтардың биігінен таразылайды. Жазушының шығармашылық құдіреті туғызған өмірдегі қарапайым адамдардың тағдыры арқылы біз ұлттың мінезін, рухын, болмыс-бітімін тереңірек тани түсеміз. Гюгоның тарихи тақырыпқа қайырылған замандастарынан басты айырмашылығы, ол патшалар мен батырлардың өмірі арқылы халық рухының мықтылығын көрсетудің біржақты таяз түсінік екенін көре білді. Роман шыға салысымен, қоғамдық пікір туғызды. Франция үкіметі Тарихи ескерткіштерді қорғайтын арнайы заң қабылдады.
Алайда Гюгоның шын мағынасындағы гумманистік бейнесі жазушының «Аласталғандар» романынан жарқырай көрінді. Бұл романды оқып шыққан адамның таңғажайып сезімнің әсеріне бөленіп, рухани толғанысқа түспеуі мүмкін емес деп ойлаймын. Өз дәуіріндегі қорғансыз халықтың қамқоршысы бола білген Гюгоның есімі адамгершілік мұратты жырлаған ұлы жазушылар Диккенс, Толстой және Достоевскийдің қатарында тұруға әбден лайық. Шығармашылық өмірін қорытындылай келіп, өлерінің алдында Виктор Гюго былай деп жазған болатын: «Мен өзімнің кітаптарымда, драмаларымда, қара сөз бен өлеңдерімде езілгендер мен қорланғандарды қорғадым. Сайқымазақтың, қызметшінің, айдаудағы адамның, жезөкшенің құқын қалпына келтірдім».
Гюгоның «Аласталғандар» романы маған ерекше әсер етті. Жан-Валжан мен Фантинаның асқан шеберлікпен сомдалған көркемдік бейнесі – жүрегімді адамгершілік шуағының жарығымен жылытқандай болды. Гюго шығармаларының орыстың ұлы жазушылары Достоевский мен Толстойға қатты ықпал еткенін әдебиет тарихынан білемін. Екеуі де күнделіктерінде Виктор Гюгоның «Аласталғандар» романын адамгершілікті жырлаған ұлы туынды ретінде атап өтіп, жоғары баға берген. Кейін Достоевский («Қылмыс пен зауалдағы» Соня Мармеладова) мен Толстой («Арылудағы «Катерина Маслова) өз романдарында жезөкше Фантинаның бейнесін асқан шеберлікпен дамытты. Қызын құтқару үшін амалсыздан тәнін сатуға мәжбүр болған Фантинаның жан дүниесі қандай сұлу еді. Он тоғыз жыл түрмеде отырып шықса да адамгершілік қасиетін жоғалтпаған Жан-Валжанның жүрегінің кіршіксіз тазалығына еріксіз сүйсінесің.
Құралай Жұмахан: Ұлы жазушының шығармашылығы жайлы біраз әңгіме қозғадық. Енді оның өмірі жайлы да әңгіме айта отырсақ.
Амангелді Кеңшілікұлы: Виктор Гюго туралы бір емес, бірнеше хабар жасасақ оның өмірінің қыры мен сырын түгел айтып тауыса алмайтын шығармыз. Оны тереңірек білгісі келгендерге ұлы жазушы Андре Моруаның «Олимпио немесе Виктор Гюгоның өмірі» кітабын оқуға ақыл-кеңес беремін. Гюгоның шығармашылығы жайлы орыстың Толмачев сынды әдебиеттанушылары мен Павел Антокольский сияқты ұлы ақындарының да жазған тамаша еңбектері бар. Ол ұзақ өмір сүріп, талай тарихи оқиғалардың куәсі болды. Үш төңкерісті көзімен көрді. Жазушының көзінің алдында екі империя құлады. Гюго барлық уақытта да саяси оқиғалардың бел ортасында жүріп, қоғамдағы болып жатқан кез-келген әділетсіздікке қарсы күресіп, жәбірленгендер мен қорланғандардың қорғаушысына айналды. Еш уақытта да азаматтық ұстанымынан таймады және сатпады. Сол үшін саяси қуғынға ұшырап, Отанын тастап, ұзақ жылдар бойы өзге елде бас сауғалап жүрді. Оның замандастары да осал болған жоқ – Бальзак, Жорж Санд, Дюма, Мериме, Мюссе және тағы басқалары. Ол ерекше жаратылған талант еді. Он бес жасында Француз академиясы жариялаған поэзия конкурсына қатысып, сол заманның ең ұлы ақыны Ламартиннен де озып шығып, бас жүлдені жеңіп алды. Шекспирдің, Рабле мен Сервантестің, Вальтер Скоттың туындылары мен Байронның поэзиясы оның шығармашылығының кемелденуіне қатты әсер етті. Ең бастысы ол еш уақытта да азаматтық ұстанымынан айнымаған, рухы биік азамат болды. Ол 1848 жылғы төңкеріске белсене қатысты. Үкіметтің Құрылтайшы кеңесінің, кейіннен Заңнамалық кеңесінің мүшесі болып сайланды. Алайда маусым айындағы жұмысшылардың көтерілісінен кейін ол билікпен араздасып, біржола халықтың жағына шықты. 1851 жылы Француз республикасының президенті Луи Бонапарт Ұлттық және мемлекеттік кеңесті таратып жіберіп, қайтадан диктаторға айналғанда оған қарсы әрекет етті. Император ұлы ақынның басы үшін 25 000 франк жариялап, Гюго елін тастап кетуге мәжбүр болды. Бөгде адамның атын жамылған ол Брюсселге жетіп, ол жақта «Қортық Наполеон» деген саяси памфлет жазды. Міне осыдан соң Луи Бонапарт одан бетер ашуланып Брюсселге қысым жасап, ұлы ақын ол жақтан да қоныс аударуға мәжбүр болды. Қоғамдағы әділеттілік үшін күрескен ұлы ақын 19 жыл бойы шет елде қашып жүрді. 1859 жылы Луи Бонапарт рақымшылық жасап, амнистия жариялағанда, кезінде императормен келісе алмаған талай зиялылар Францияға қайтып оралды. Жалғыз Виктор Гюго ғана « Елім диктатордан азат болғанда ғана Отаныма ораламын» деп ол рақымшылықты қабылаудан үзілді-кесілді бас тартты. Біраз уақыттан соң 1870 жылы Гюго еліне оралғанда Париж ұлы ақынын Францияның ұлттық батыры ретінде қарсы алды. Гюгоның 80 жылдығын Франция елі дүркіретіп өткізді. Сол жылы жазушы тұрған көшені оның есімімен атады. Ұлы жазушы 1885 жылдың 22 мамырында дүние салды. Гюгоның жерлеуіне қарақұрым халық жиналып, екі миллионға жуық адам қатысты.
Құралай Жұмахан: Өкінішке қарай, бізге берілген уақыт та тәмәмдалып қалды.
Құрметті радиотыңдаушылар сіздер белгілі әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлымен жүргізген сұхбатымыздан Францияның әлемге әйгілі ақыны Виктор Гюгоның өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімемізді тыңдадыңыздар. Сұхбатты жүргізген –Құралай Жұмахан. Әуенмен әрлеген –Қайсар Ердеш. Әуе толқынында келесі тілдескенше аман-сау болыңыздар.